|
Аса құрметті ұйымдастыру алқасы! Қымбатты Семинарға қатысушылар! Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығы және Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ Қауымдастығының атынан шын жүректен Сіздерді тарихи оқиға - Стамбулдағы І-ші тоғызқұмалақ (мангала) семинарының басталуымен құттықтаймын. Тамыры бір ата, бір ананың балары болып табылатын түркі тілдес халықтар үшін ынтымақ ұйтқысы болып табылатын бірнеше фактор бар. Ол біздің тіліміз, дініміз және ортақ мәдени мұрамыз. Осы тұрғыдан алғанда тоғызқұмалақтың барлық түркі тілдес елдерде дамуы зияткерлік мағынасында ғана емес, сонымен бірге жалпы түркілік ынтымақтастықтың да бір бағыты. Сонымен қатар, сөзсіз біз тоғызқұмалақтың мәдени мұра ғана емес, жастардың зердесін, ойлау жүйесін жетілдірудегі маңызды зияткерлік спорттық ойын түрі екенін де атап өтуіміз керек. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында келешек ұрпақтың тек мектеп сабақтары пәндері арқылы ғана емес, осындай ұлттық ойындарымыз арқылы өзінің ойлау қабілеті мен зердесін дамыта білуі зор жетістік болар еді. Әрине, тағы бір ерекшелік қазіргі жаһандану заманында біз өзіміздің мәдени ерекшеліктерімізді сақтап қалу үшін де мәдени мұрамыздың түрлі түрлі көріністерін жаңғыртуымыз қажет.
Тоғызқұмалақ Қазақстанда кеңінен қанат жайып, қазіргі таңда Қазақстанда шұғылданушылардың саны 100 мың адамға жақындады. Жылына 40-қа жуық республикалық жарыс өткізіледі. Тоғызқұмалақ қауымдастығының өзіндік сайты www.9kumalak.kz арқылы осы жарыстардың күнтізбелік жоспарымен танысуға болады. Сонымен қатар 2008 жылдың маусым айының басында Орал қаласында халықаралық қауымдастық құру туралы шешім қабылданды. Оның атқару алқасының мүшелігіне Қытай, Қырғызстан, Монғолия, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Түркмения, Чехия; және Қазақстан делегаттары енді. Биыл 2009 жылдың 19-26 қазан аралығында Шымкент қаласында Азияның тұңғыш Чемпионаты өтті. Оған Түркияның өкілдері қатысуы да біз үшін зор қуаныш. 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді. Тоғызқұмалақ үш рет 2006 жылы - Лондонда, 2008 және 2009 жылдары Чехияда дүниежүзілік зияткерлік олимпиаданың бағдарламасына енді. 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зиткерлік ойны тіркеліп, www.iggamecenter.com - сайтында тоғызқұмалақтың он-лайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды. Қазіргі кезде Тоғызқұмалақ әлемнің оннан астам елдерінде таралуда. Ол тек түркі телдес халықтар ғана емес, Еуропаның Англия, Испания, Германия, Чехия, Франция сияқты мемлекеттерінде де насихатталуда. Мұндай жақсы жетістіктер бізді тоқмейілсуге әкелмеуі керек. Біз әлі де болса тоғызқұмалақты жан-жақты дамытуға үлес қосуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда Сіздердің бұл бастамаларыңызбен бүгінгі семинардың ашылуы тек Түркия үшін ғана емес, жалпы әлем үшін де маңызды. Біз осы семинар қорытындысында шешімнің бірі ретінде - Сіздердің бір өкілдеріңіздің Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдастығының атқару алқасының мүшесі болуын күтеміз. Және Халықаралық Қауымдастықтың маңызды бір бөлімі Түркия Республикасында жұмыс жасайды деп үміттенеміз. Келесі жылы екі маңызды шара бар. Оның біріншісі 01-07 шілде айында Астана қаласында өтетін Әлем Чемпионаты, ал екіншісі Стамбул - Еуропаның мәдени қаласы шараның аясындағы тоғызқұмалақты дамыту шарасы. Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Тоғызқұмалақты дамыту бәріміздің азаматтық түркілік парызымыз! Түркі әлемінің руханияты, ынтымақтастығы арта берсін! Сіздерге Алланың нұры жаусын!
Зор құрметпен, Халықаралық және Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ Қауымдастығының төрағасы Алихан Мұхамедияұлы Байменов |